Генеративті AI қолдану этикасы

ҒЫЛЫМИ МАҚАЛАЛАРДЫ ЖАЗУ КЕЗІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚҰРАЛДАРЫН ПАЙДАЛАНУ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Осы құжат ғылыми қызметтің ашықтығын, этикалық қағидаттарын және сенімділігін қамтамасыз етугебағытталған ғылыми мақалаларды әзірлеу және жазу барысында жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын пайдалану ережелерін белгілейді.

Қазіргі заманғы ЖИ технологиялары зерттеушілерге деректерді талдау, үдерістерді автоматтандыру және ғылыми жұмыстың өнімділігін арттыру бойынша жаңа мүмкіндіктер береді. Алайда олардың қолданылуы академиялық нормалар мен ғылыми адалдық қағидаттарын қатаң сақтауды талап етеді.

Аталған ережелер ЖИ-ды жауапты пайдалануға, тәуекелдерді азайтуға және ғылыми жарияланымдардың сапасын жоғары деңгейде ұстауға арналған нұсқаулық болып табылады. Бұл өз кезегінде зерттеу нәтижелеріне деген сенімді арттырып, халықаралық және ұлттық ғылыми этика стандарттарын сақтауға ықпал етеді.

Құжаттың мақсаты: ЖИ құралдарын ғылыми мақалаларды әзірлеу, жазу және жариялау барысында пайдалану кезінде ашықтықты, этикалық және ғылыми дұрыстықты қамтамасыз ету, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің жоғары сапасын қолдауға бағытталған ұсынымдар жүйесін белгілеу.

Мақала авторлары, журналдың редакциялық алқасы және рецензенттер осы ережелерді сақтау үшін бірлесіп жауапты болады. Ережелер ЖИ технологияларының дамуына және ғылыми тәжірибедегі жаңа сын-қатерлерге сәйкес мерзімді түрде қайта қаралып, жаңартылып отырады.

1. ЖИ құралдарын пайдалану этикасы

1.1. Егер ЖИ құралдары деректерді талдау, мәтін жазу немесе басқа міндеттер үшін қолданылған болса, олардың пайдаланылғандығы мақалада ашық көрсетілуі тиіс.

1.2. ЖИ пайдалану авторларды ұсынылған материалдың түпнұсқалығы, нақтылығы және сапасы үшін жауапкершіліктен босатпайды.

1.3. ЖИ-ды деректермен манипуляция жасау, нәтижелерді бұрмалау немесе ғылыми қорытындылардың маңыздылығын асыра көрсету мақсатында қолдануға тыйым салынады.

1.4. ЖИ қолдану авторлық құқықты, этикалық нормаларды және ғылыми адалдық қағидаттарын бұзбауы тиіс, соның ішінде ЖИ арқылы жасалған мәтіндердің еріксіз қайталану жағдайлары да қамтылады.

2. ЖИ пайдаланудың ашықтығы

2.1. Авторлар мақаланы әзірлеу кезінде қай ЖИ құралдары және қандай кезеңде қолданылғанын (мысалы, мәтін генерациясы, деректерді өңдеу мен талдау, бейнелерді жасау және т.б.) нақты көрсетуге міндетті.

2.2. Жарияланымда жұмыстың қай бөлігі авторлар тарапынан, ал қай бөлігі ЖИ арқылы орындалғаны нақты белгіленуі тиіс.

2.3. Мақала мәтінінде (мысалы, «Алғыс» бөлімінде) зерттеуге ЖИ-дың қосқан үлесі көрсетілуі қажет.

2.4. ЖИ арқылы жасалған кез келген мазмұн авторлар тарапынан қателіктерді, деректерді бұрмалауды немесе контексттің бұзылуын болдырмау үшін қосымша тексеруден өтуі тиіс.

3. ЖИ пайдалану кезіндегі авторлардың жауапкершілігі

3.1. Авторлар жарияланымның барлық аспектілері (сапа, нақтылық, этикалық сәйкестік), соның ішінде ЖИ көмегімен жасалған материалдар үшін толық жауап береді.

3.2. ЖИ құралдары қосымша көмекші құрал ретінде ғана пайдаланылуы тиіс, авторлық үлестің орнын алмастырмауы керек.

3.3. ЖИ арқылы алынған нәтижелер зерттеудің бірегейлігін қамтамасыз ету үшін міндетті түрде авторлар тарапынан бейімделіп, қайта өңделуі қажет.

3.4. Авторлар ЖИ пайдалануға қатысты барлық лицензиялық келісімдерді және авторлық құқық нормаларын сақтауға міндетті.

3.5. ЖИ пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасын, соның ішінде зияткерлік меншік құқығын қорғау нормаларын және Университеттің ішкі нормативтік құжаттарын бұзбауы тиіс.

4. Жарияланымның түпнұсқалығын тексеру

4.1. Журнал редакциясы мәтіннің бірегейлігін тексеру үшін, оның ішінде ЖИ арқылы жасалған деректер мен фактілерді талдау мақсатында арнайы жүйелерді пайдалануға құқылы.

4.2. Редакция авторлардан мақаланы дайындау барысында ЖИ құралдарын қолдану туралы қосымша ақпарат сұрата алады.

4.3. Егер ЖИ қолданылғаны туралы ақпарат көрсетілмесе, редакция мақаланы қабылдамауға құқылы.

4.4. ЖИ пайдалану ережелерінің бұзылуы анықталған жағдайда, редакция мақаланы қайта өңдеуге жіберуге немесе оны жариялаудан бас тартуға құқылы.

5. Ғылыми жарияланымның авторлығы

5.1. Авторлық тек зерттеуге зияткерлік үлес қосқан және оның мазмұнына жауап беретін жеке тұлғаларға тиесілі болуы керек.

5.2. ЖИ құралдары авторлар қатарына енгізілмеуі тиіс, өйткені олар жеке тұлғаларға тән құқықтар мен міндеттерге ие емес және ғылыми нәтижелер үшін жауап бере алмайды.

6. Деректердің құпиялылығын сақтау

6.1. ЖИ қолдану кезінде деректерді қорғау нормалары, әсіресе жеке немесе құпия ақпаратпен жұмыс жасағанда, сақталуы тиіс.
6.2. ЖИ пайдалану халықаралық және ұлттық деректерді қорғау стандарттарына сәйкес жүргізілуі қажет.

7. Авторларға ұсыныстар

7.1. ЖИ құралдарын ғылыми жарияланымды дайындаудың келесі кезеңдерінде қолдануға рұқсат етіледі:

- әдебиеттерді іздеу (автоматтандырылған іздеу, құрылымдау, жарияланымдарды талдау, тақырып бойынша аннотациялар мен шолуларды генерациялау);

- деректерді талдау (үлкен көлемдегі деректерді өңдеу, заңдылықтар мен трендтерді анықтау, ML және DL әдістерін пайдаланып визуализация және интерпретация);

- нәтижелерді сипаттау және түсіндіру (суреттер, графиктер, кестелер құру, қорытындыларды тұжырымдауға және зерттеудің болашақ бағыттарын анықтауға көмек);

- пішімдеу (сілтемелер мен библиографияны автоматтандыру, құрылым мен үлгілерді тексеру);

- аударма және редакциялау (ғылыми мақалаларды терминологияны сақтай отырып аудару, тұжырымдарды біріздендіру, грамматикалық қателерді түзету және мәтіннің оқылымдылығын арттыру).

7.2. ЖИ құралдарын ғылыми гипотезаларды, қорытындыларды және ғылыми нәтижелерді түсіндіру мақсатында қолдануға тыйым салынады.
7.3. ЖИ этикалық, әдістемелік немесе академиялық нормаларды айналып өту үшін пайдаланылмауы тиіс.
7.4. Мақалаларды дайындау кезінде қолдануға рұқсат етілетін ЖИ құралдарының мысалдары:

- ChatGPT, Jasper AI — мәтін генерациясы мен редакциялау;

- EndNote, Zotero — библиографиямен жұмыс;

- Tableau, Python (pandas, matplotlib) — деректерді талдау және визуализациялау;

- Grammarly, DeepL — мәтінді тексеру және аударма.